Шымкент: Тәртіп сақшылары оқушыларға сабақ өткізді
Кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласындағы №8 мектепте оқушылармен кездесу өтті.
Іс-шарада Әл-Фараби АПБ ЖПҚБ Ювеналды полиция бөлімшесі инспекторы полиция аға лейтенанты Сәбит Шабданұлы Палжанов балаларға құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша сабақ өткізді. Жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылықтың алдын алу, темекі оның ішінде электронды шылым және сабаққа кешігу мәселелері сөз болды. Сондай-ақ түнгі уақытта яғни сағат 22:00-ден кейін ойынхана мен кафе, кинотеатр мекемелерінде ата-анасының қарауынсыз жүрген жағдайда айыппұл төлейтіндері туралы ескертті. Тәлім мен тәртіптің маңыздылығы кеңінен талқыланып, қылмыс пен құқықбұзушылықтар үшін қарастырылғанын жауапкершілік түрлері түсіндірілді.
«Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейкесті мәселелердің біріне айналып отырғанын, жалпы құқық тәртібін бұзуға бейім балалар, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасап ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығатынын, ал келесі тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен бос уақыттарында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан орын алады», деді полиция аға лейтенанты.
Кездесу аясында полиция майоры қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайлы сөз қозғады. Жиынға қатысқан оқушылар мен ұстаздар қонақтарға өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған толыққанды нақты жауаптар алды.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі