Шымкентте Антикор мен полиция бірлескен жұмыс нәтижелерімен бөлісті
Бүгін «Аntikor ortalyǵy» сервистік орталығында «Ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Спикерлер ретінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәурен Қожабаев пен Шымкент қаласы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Мұрат Алтаев сөз сөйледі.
Баспасөз конференциясы барысында полиция департаменті мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы полиция қатарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлескен күрестің аралық нәтижелері туралы хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 7 сәуірінде Ішкі істер министрлігі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Меморандум шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу көзделген.
Спикерлердің айтуынша, биыл Полиция департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлескен жедел іс-шаралар барысында патрульдік полиция полкінің бірқатар қызметкерлері ұсталды. Олар 2018 жылдан бастап анықтау шараларында болған. Яғни, төрт жыл ішінде жедел уәкілдер барлық қажетті дәлелдерді жинаған. Нәтижесінде, осы жылдың сәуір айының соңында жедел іс-шараларды жүргізіп, полк қызметкерлерін ұстауға мүмкіндік болды. Олар пара беру және алу жайттарына қатысы бар деп күдіктелуде.
Сондай-ақ, әрбір осындай ұстау жайттарында Полиция мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан тынымсыз және жан-жақты жұмыс жүргізілетіні атап өтілді.
ПД бастығының орынбасары М.Алтаев айтқандай, қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін патрульдік полиция полкінің қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейтін бейнежетондармен толық жабдықталған. Бейнежетондарды өшіру жайттары анықталған жағдайда қызметкерлер жауапкершілікке тартылады. Атқарып отырған лауазымдарынан шеттетуге дейін барады.
Полиция полковнигінің сөзінше, осы жылдың сәуір айында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Шымкент қаласында болды. Ол «Сергек-Қорғау — Қауіпті жүргізуші» бағдарламасын таныстырды. Бұл бағдарлама мегаполистің Полиция департаментінде 19-сәуірден бастап іске қосылды. Бүгінгі таңда «Сергек-Қорғау» бейнекамераларының көмегімен 4902 жол қозғалысы ережелерін бұзған 1266 жүргізуші анықталды (ресейлік мемлекеттік белгісімен — 1075, армяндық — 109, қырғыздық- 41, грузиндік-8, Өзбекстан-18, Қазақстан — 3, Беларусь — 2, Әзірбайжан — 1, Болгария-1) олардың жалпы айыппұл сомасы 126 млн 236 мың 111 теңгені құраған. 970 автокөлік айыптұрағына орналастырылған.
Мәселен, жалған нөмірлері бар «Тойота камри 40» автокөлігі 48 жол қозғалысы ережесін бұзған, оған 1 млн 013 мың теңге сомасында ұйғарым жазылды. «Равон 3» маркалы автокөлікте 2 000 000 теңгеден астам сомаға 171 жол қозғалысы ережесін бұзу жайты тіркелген немесе «Хюндай соната» көлігін алайық. Бұл көліктің жүргізушісі 1 000 000 теңгеден асатын сомаға 32 жол қозғалысы ережесін бұзған.
Жалпы, жыл басынан бері 502 мың 437 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды (оның ішінде «Сергек» камераларының көмегімен — 298 мың 225 құқық бұзушылық). Өткен 2021 жылы дәл осы кезеңде 180 мың 56 әкімшілік бұзушылық анықталды (оның ішінде «Сергек» камераларының көмегімен — 27 мың 590). 4 млрд 192 млн 394 теңге көлемінде айыппұл салынды, оның 2 млрд 990 млн 106 мың теңгесі өндірілді.
231 жүргізуші көлікті жүргізуші куәлігінсіз, 39-жалған нөмірлермен, терезелері күңгірттелген 1843 автокөлік тіркелген, жүргізу құқығынан айырылған 10 жүргізуші көлікті басқаруды жалғастырған. 44 мемлекеттік тіркеу нөмір белгілері алынды.
Алтаев атап өткендей, полиция жұмысындағы осы жаңалықтардың барлығы, ең алдымен, азаматтардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, полиция қатарындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған.
Сондай-ақ полковник, сот орындаушыларымен бірлескен рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде 33 автокөлік жүргізушілерінің 1 000 000 теңгеге жуық сомада берешегі бары анықталғанын қоса айтты. Қорытындылай келе, спикерлер мұндай баспасөз конференциялары мен брифингтер тұрақты негізде өткізілетінін атап өтті.
Шымкент ҚПД Баспасөз қызметі