Шымкентте заңсыз сақталған қаруды сатып алу акциясы басталды
Шымкент қаласының Полиция департаменті 25 сәуірден бастап халықтан заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акция өткізуде.
Заңсыз сақталған қару-жарақты өз еркімен тапсырған азаматтар, егер олардың іс-әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босатылады.
ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы бұйрығына сәйкес, заңсыз сақталған атыс қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ақшалай сыйақы үшін тапсыруға ниет білдірген азамат аумақтық полиция басқармасына жүгінуі тиіс. Азаматтар телефон арқылы хабар берген жағдайда, қару-жарақтың сақталған мекенжайға полиция қызметкері барып, барлық қажетті іс-шараларды жүргізеді.
Қаруды ерікті тапсырғаны үшін төлем сомасы қару түріне және техникалық жағдайына байланысты. Сыйақы мөлшерін комиссия белгілейді (10-нан 100 АЕК-ке дейін). Автоматты ойық қарудың бірлігі үшін 100 АЕК-ке дейін төленеді. Бұл соманың жартысы мылтық пен карбиналарға төленеді. Тапаншалар мен револьверлер үшін – 122 мың теңгеге дейін төленеді. Тегіс ұңғылы мылтықтардың әрбір бірлігі 92 мың теңгеге дейін бағаланады.
Төлем мөлшерін айқындау кезінде комиссия қарудың техникалық жай-күйін ескереді және оған тиісті санат береді. Бірінші санатқа жатқызылған қару үшін төлем ұсынылатын құнының 100 пайызы, екінші санаттағы қару үшін – 70%, үшінші санатқа – 30% төленеді.
1-санаттағы қаруға пайдалануда болмаған немесе жарамды, тауар түрін жоғалтпаған қару жатады. 2-санаттағы қаруға одан әрі пайдалануға кедергі келтірмейтін техникалық ақаулары бар қару жатады. 3-санаттағы қаруға техникалық себептер бойынша жөндеу және қалпына келтіру орынсыз болып саналатын техникалық ақаулықтардың болуы салдарынан одан әрі пайдалануға жарамсыз немесе пайдалануға қауіпті қару жатады.
Сыйақыны төлеу бір ай мерзімде жүзеге асырылады.
newstaraz.kz