Түркімен қазақтарының көші маусымның соңына шегерілді
2 маусымда Түркіменстаннан 490 қандас Қазақстанға көшіп келуі тиіс болған, алайда олар келмеді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі бейсенбі күні түстен кейін Азаттыққа көш маусым айының соңына ауыстырылғанын хабарлады.
«Маршрут пен басқа да ұйымдастыру мәселелерін егжей-тегжей қосымша келісу қажеттілігіне байланысты этникалық қазақтарды жөнелтуді маусым айының соңына ауыстыру туралы Қазақстан және түркімен тарабы бірлесіп шешім қабылдады» деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.
2 маусымда түске дейін Маңғыстау облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсет Шопанов көш «белгісіз мерзімге шегерілді» деген еді.
– Белгісіз уақытқа шегерілді. Біз оның уақытын білмейміз. Нақты себебін де білмейміз, – дейді Әсет Шопанов.
Мамыр айының басында жергілікті ақпарат агенттіктері 2 маусымда 490 қазақ Түркіменстаннан Қазақстанға оралады деп хабарлаған еді. Мұндай шешімді 11 мамырда Түркіменстан аурудың тарауымен күрес төтенше комиссиясы Қазақстан елшілігінің өтінішімен қабылдаған.
Ақпаратқа қарағанда, жолаушыларды Түркіменстанның темір жол компаниясы Түркіменбашыдан «Болашақ» станциясына жеткізіп, одан әрі қарай қазақстандық темір жол компаниясы оларды Жаңаөзенге жеткізуі тиіс болған.
Алайда оларды жеткізетін күн қарсаңында түркімен қазақтар көшінің шегерілгені хабарланды. Оларды Қазақстанда күтіп алғысы келетін туыстарына ешкім ештеңе айтпаған. Кейбірі оларды күтіп алу үшін маусым басында Жаңаөзенге де барған.
«Отандастар» қорының мәліметінше, былтыр ақпанда Түркіменстаннан – 153 қазақ, мамыр айында — 256, шілдеде 241 қандас Қазақстанға оралған. Олардың басым бөлігі Маңғыстау облысына, аз бөлігі Жамбыл облысы мен Алматы қаласына қоныстанған.
Қазақстан 1991 жылдан бастап шетелдегі қазақтарды елге әкеле бастаған. Содан бері елге бір миллионнан астам қазақ оралған.
newstaraz.kz