Тәртіп сақшылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматшаға көмек көрсетті
Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және отбасының қоғамдағы рөлін нығайту бойынша ұдайы түрде іс-шаралар ұйымдастырып, жұмыс атқарады.
Мәселен, Абай ауданының Полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция подполковнигі Айнұр Қарабаева тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматшаны қабылдады. Әйелге құқықтық көмек көрсетілді, сондай-ақ «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аталған заңға сәйкес, жәбірленушінің арызы бойынша құқық бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Нұсқамаға сай, азамат ішкі істер органдарына профилактикалық есепке қойылып, онымен отыз күн бойы профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Яғни, оның тұрғылықты жеріне учаскелік полиция инспекторы ұдайы барып, тексеріп тұрады, профилактикалық сұхбаттар жүргізеді. Құқық бұзушы қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған жағдайда тиісті жауапкершілікке тартылатын болады.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі
newstaraz.kz