Тәртіп сақшылары балаларға жол қауіпсіздігін үйретуде
Ел аумағында «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы қолға алынып, қарқынды түрде жалғасып жатыр. Балалардың жол-көлік оқиғалары кезіндегі зардап шегуі, жарақат алуының алдын алу, көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын нығайту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері оқушылардың мектепке барып- қайтатын, олар жиі баратын көпшілік және қоғамдық орындардағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті. Жолдағы қозғалыс бағыттарын арнайы іс-әрекетпен көрсету арқылы жол ережелерін жаттатты.
Акция аясында Қаратау АПБ ЖПҚБ Ювеналды полиция тобының инспекторы Б. Айкөзов №130 мектептің бастауыш сынып оқушыларына “Жолда абай бол!” тақырыбында сабақ өткізді. Тақырыпқа сай, жол ережелері түсіндіріліп, оқушыларға сұрақтар қойылды.
«Сабақ барысында оқушыларға көшеде және жолда жүру дағдыларын қатаң сақтап, жол ережесін жіті түсіндірдік. Сонымен қатар, көлік көп өтетін жерде жолды тек белгіленген орындарда және бағдаршамның жасыл түсіне ғана өту керектігін ескертіп, жол жүрісі ережелерімен таныстырдық. Балалар сабаққа белсенді қатысып, қауіпсіздік ережесі бойынша маңызды мағлұматтар алды»,- дейді тәртіп сақшысы.
Өз кезегінде, оқушылар сабақта меңгерген жол белгілері мен ережелерін көрсетіп, бір-бірімен бөлісті. Полиция қызметкерлері дәрісті қорытындылай келіп, оқушыларға жолда абай болуға шақырды.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі
newstaraz.kz