Ташкент пен Алматы арасында «Тұлпар Тальго» пойызы қайта жүре бастады
16 мамырдан бастап коронавирус пандемиясына байланысты 2,5 жыл тоқтап қалған Алматы-Ташкент-Алматы бағытындағы «Тұлпар Тальго» пойызы қайта жүре бастады.
Алматыдан шыққан бірінші пойыз 17 мамырда Ташкентке жетті. Кестеге сәйкес, пойыз «Алматы-2» теміржол вокзалынан дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері шығады, Ташкенттен кері сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері жүреді.
Пойыз 24 вагоннан тұрады, бір мезетте 425 жолаушыға қызмет етеді. Билеттерді теміржол кассаларынан және онлайн сатып алуға болады. Тек Қазақстан шекарасынан өтер кезде, электронды билетті А4 форматтағы қағазға шығарып алуы қажет.
Коронавирус инфекциясы әлі толық жойыла қоймағандықтан, жолаушылар COVID-19 вирусының бар-жоғын анықтайтын ПТР тест тапсыруы тиіс, болмаса екпе алғаны жөнінде сертификатын көрсетуі керек.
«Узбекистон темир йуллари» қазір басқа да көрші елдермен пойыз қатынасын қалпына келтіру үшін келіссөздер жүргізіп жатыр.
newstaraz.kz