Теннисші Рыбакина Roland Garros-тың 1/4 финалына шықты. Ол Серена Уильямсты жарыстан шығарды
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Францияда өтіп жатқан Roland Garros турнирінің ширек финалына шықты. Ол төртінші айналымда америкалық Серена Уильямсты 6:3, 7:5 есебімен жеңді. Уильямс әлемдік рейтингте 8-орында, ал Рыбакина 22-орында тұр. Екі теннисші алғаш рет ойнады.
21 жастағы Рыбакина бұған дейін Grand Slam қатарына енетін жарыстардың ширек финалына шығып көрмеген. Енді ол ширек финалда ресейлік Анастасия Павлюченкомен (рейтингте 32-орында) ойнайды.
39 жастағы Серена Уильямс Grand Slam жарыстарында 23 рет жеңіске жеткен. Рыбакина дүниеге келген жылы, яғни 1999 жылы Серена Уильямс алғашқы Grand Slam жарысын ұтқан еді.
Қазақстандық теннисшілер осыған дейін Серена Уильямспен бірнеше рет ойнап, барлық матчта жеңілген еді. Рыбакина — оны жеңген алғашқы қазақстандық теннисші.
Елена Рыбакина Ресейде туған. Алғашында жарыстарға Ресей атынан қатысқан. 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алып, осы елдің атынан жарыстарға шыға бастады.
Grand Slam жарыстарының қатарына Roland Garros (Франция ашық чемпионаты) турнирімен қатар Australian Open (Австралия), Wimbledon (Англия)және US Open (АҚШ) кіреді.
Биылғы Roland Garros жарысының финалы 12-13 маусымда өтеді.
newstaraz.kz