Тоқаев Әшімбаевты сенат спикері қызметінен босатып, төрт сенаторды қайта тағайындады
Былтыр күзде жеті жылдық президент мерзіміне қайта сайланған Қасым-Жомарт Токаев 24 қаңтарда Мәулен Әшімбаевты сенат спикері қызметінен алып, жаңа депутаттар тағайындап, тағы бірнешеуін сенатта қалдырды.
Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Тоқаев Әшімбаевты сенат депутаты қызметіне қайта тағайындады. Парламент палатасын кім басқаратыны әзірге белгісіз.
2020 жылғы мамырда президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінде Мәулен Әшімбаев сенат төрағасы болып тағайындалған. Ол депутат құзыраты тоқтатылған спикер Дариға Назарбаеваның орнына келген.
24 қаңтарда Нұртөре Жүсіп, Ләззат Қалтаева, Асқар Шәкіров сенат депутаты болып қайта тағайындалды. Сенатқа Қазақстан Жоғарғы сотының бұрынғы басшысы Жақып Асанов, сонымен бірге Евгений Больгерт, Зәкіржан Кузиев, Нүрия Ниязова, Әлішер Сатыбалдиев, Геннадий Шиповских депутат болып келді.
Владимир Волков, Бақытжан Жұмағұлов, Қайрат Қожамжаров, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Талғат Мұсабаев, Дана Нұржігіт, Қанатбек Сафинов, Ләззат Сүлеймен және Серікбай Тұрымов сенат депутаттығынан шығарылды.
Тоқаев барлығы 10 сенаторды тағайындады. Бұның алдында ол палатадағы 15 депутатты тағайындаған.
Парламент сенаты депутаттарын сайлау 14 қаңтарда өтті. 17 облыс, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 20 депутат сайланды. 130 үміткер кандидат болуға өтініш білдірген. Азаматтық белсенділер де сайлауға қатысқысы келген, бірақ тіркеуден өте алмаған. Сайлау комиссиясы 55 кандидатты тіркеген.
newstaraz.kz