Тоқаев «советтік атаулардан арылуды» ұсынған Египеттегі елшіге сөгіс жариялады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Египет, Алжир және Тунистегі төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шәріпке сөгіс жариялады. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Бірақ хабарламада оған нақты қай оқиға түрткі болғаны жазылмаған.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілері әдеп кодексінің 9-тармағының талаптарын сақтамағаны үшін Қазақстанның Египет Араб Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Қайырбекұлы Лама Шәріпке сөгіс жариялады» деп жазылған Ақорда хабарламасында.
Мемлекеттік қызметшілер әдеп кодексінің 3-тарау 9-тармағында «мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметтік жұмыс мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына сәйкес келмесе, жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса және мемлекеттің лауазымды адамдарының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепсіз сөздерді қамтитын болса, көпшілік алдында білдірмеуге тиіс» деп жазылған.
Қайрат Лама Шәріп бұған дейін Фейсбуктағы парақшасында СССР кезінен қалған даулы атаулардан арылып, Астана атауын қайтаруды ұсынған еді. Оның бірнеше күнгі жазбасы қазір парақшасынан көрінбейді.
Дипломат мамырдың басында Фейсбук парақшасында «отаршыл Ресей мен Совет одағы күшпен енгізген» даулы елді мекен атауларынан арылу үшін «Конституцияға жалпыхалықтық референдум арқылы әкімшілік-аймақтық өңірлер туралы» жаңа бап енгізу қажеттігін айтқан.
Ол «облыс» деудің орнына «өңір» деген сөзді қолдануды ұсынған. Ол жазбасында Павлодар облысын «Сарыарқа» өңірі, Қызылорда облысын «Сырдария» өңірі, Петропавл қаласын «Абылай хан» деп атауды ұсынған.
newstaraz.kz