Жаңаөзен тұрғындары ұсталған мұнайшыларды босатуды талап етті
Жаңаөзеннің бір топ тұрғындары жергілікті әкімдік алдына жиналып, Астанада ұсталған мұнайшыларды босатуды талап етті.
«Егер босатпаса, бүкіл Жаңаөзенді көтереміз!», — деді жиналғандардың бірі.
Бұдан бөлек Жаңаөзендегі «БЖБ» компаниясының жұмысшылары наразы ретінде жұмысын бір сағатқа тоқтатты.
«Кезби» компаниясының жұмысшылары да мұнайшыларды босатуды талап етті. Кері жағдайда олар да жұмысын тоқтатамыз деп жатыр.
Жаңаөзеннен тұрақты жұмыс талап етіп келіп, Астанадағы энергетика министрлігі алдында наразылық білдіріп тұрған мұнайшыларды 11 сәуірде кешкісін полиция мен арнайы жасақ күштеп ұстап әкеткен.
10 сәуірде Маңғыстау облысынан 80-нен астам адам Астанаға мұнай компаниясынан жұмыс талап етіп келген еді. Олар энергетика министрлігі кеңсесі алдында түнеп шыққан. Жаңаөзендіктерге министрліктен ешкім шықпаған.
Наразылар «ҚазМұнайгаз» бен «Өзенмұнайгазға» қызмет көрсететін «БерӘлі Маңғыстау Company» кәсіпорнында жұмыс істеген. Таяуда олар жұмыстан қысқарып қалған. Себебі «ҚазМұнайГаз» ұйымдастырған тендерде «БерӘлі Маңғыстау Company» жеңіліп, «Кезби» және Ai-Bis компаниялары жеңген.
«ҚазМұнайГаз» компаниясы наразыларға жалақыларын сақтай отырып, Кезби» және Ai-Bis компанияларынан жұмыс ұсынған. Алайда наразылар бұл ұсынысқа келіспей, «тоғыз айдан соң тағы тендер өтіп, тағы да жұмыссыз қаламыз, бізге тұрақты жұмыс керек» деген еді.
11 сәуірде кешкісін мәжіліс депутаттары Ермұрат Бәпи, Мақсат Толықбай және Ринат Зайытов министрлік алдындағы наразыларға барған. Наразылардың бірі депутаттарға «Жаңаөзенге келіп, ауылды аралаңдар, шіріп жатыр» деп жағдайлары нашар екенін айтқан. Ал Зайытов наразыларға «мәселе кабинетте шешіледі, бірақ бұл жерде тұрғаны процесті жылдамдатады» деген.
newstaraz.kz