Жаңаөзенде АBUEV GROUP жұмысшыларының ереуілі алтыншы күнге жалғасты
«Қазмұнайгазға» еншілес «KMG EP-Catering» компаниясының АBUEV GROUP аутсорсинг мекемесі жұмысшыларының ереуілі 30 шілдеден бері жалғасып жатыр.
Жүзге тарта аспаз, еден жуушы мен жүкші жұмысты тоқтатқан. Мекеме жұмысшылары әйелдерді «KMG EP-Catering» компаниясына, ерлерді «Өзенмұнайгаз» компаниясына аутсорсингке штатқа алуды талап етеді.
— Бізге 3 тамызда Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров келіп, талаптарымыздың орындалмайтынын айтты. Не күні, не мекемесі көрсетілмеген хаттаманы ұсынып «әйтеуір бір күні талаптарың орындалады» деген жалған уәдеге сендіргісі келеді. Келіспедік. Не де болса талабымыз орындалғанша кетпейміз, — деді ереуілдеген жұмысшылардың бірі 4 тамызда Азаттық тілшісіне.
Олар 3 тамызда талаптарының орындалмағаны туралы «Қазақстан мұнайсервис компаниялары одағы» директоры Асхат Дүйсалиев пен Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымовтан көмек сұраған видеоүндеулерін әлеуметтік желіде жариялаған.
АBUEV GROUP мекемесінің жұмысшылары бұған дейін «KMG EP-Catering» жариялаған тендерді түрлі мекемелер ұтып алып, мардымсыз жалақы төлейтініне, еңбек демалысын бермейтініне шағымданған. Олар «KMG EP-Catering» пен «Өзенмұнайгаз» мекемесі штатына кірсе еңбек жағдайымыз жақсарады деп санайды.
Азаттық тілшісі «KMG EP-Catering» тиесілі «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының баспасөз орталығына сауал жолдаған еді, әзірге жауап болмады. «KMG EP-Catering» мекемесінен жауап алу мүмкін болмады, ал «АBUEV GROUP» өкілдері «мәселе талқыланып жатыр» деді.
«KMG EP-Catering» — «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының еншілес мекемесі. Онда жалпы саны мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның Жаңаөзендегі бөлімшесінде 300-ге тарта жұмысшы бар.
Компания Маңғыстау, Атырау облыстарында мұнайшыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, «Кендірлі» демалыс аймағында демалушылар мен мұнайшыларға қызмет көрсету, мұнай кен орындарында тазалық жұмыстарын жүргізу, «Өземұнайгаздың» барлық өндірістік бөлімшелерін, асханаларына шаруашылық тұрмыстық қызмет көрсетумен айналысады.
Маңғыстау облысында кейінгі айларда жалақы өсіру мен еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жұмысшылар наразылығы көбейген. Олардың көбі талаптары орындалғаннан кейін ереуілді тоқтатқан.
newstaraz.kz