Жаңаөзенде жалақы өсіруді талап еткен «KMG-Security» жұмысшылары далада түнеді
Жаңаөзенде ӨзенМұнайГаз» компаниясының өндіріс ошақтарын күзететін «KMG-Security» компаниясының жұмысшылары ереуілін жалғастырып жатыр. Қаладағы автобекет маңына шоғырланған наразылар 14 шілдеге қараған түні сол жерге палатка тігіп, қонып шыққан.
Қаладағы автобекет маңына шоғырланған наразылар 14 шілдеге қараған түні сол жерге палатка тігіп, қонып шыққан. Олар «талаптарымыз орындалмайынша ешқайда кетпейтінін» айтып отыр.
Наразылар жұмыс берушіге екі талап қойып отыр: жалақыны 150 мың теңгеге көтеру және мереке күндері қарсаңында сыйақы төлеу. Қазір олар 57-80 мың теңге көлемінде жалақы алады. Қазіргідей қымбатшылық кезде бұл ештеңеге жетпейді дейді жұмысшылар.
Сәрсенбі күні таңертең аты-жөнін айтпаған жұмысшылардың бірі Азаттық тілшісіне «жұмыс беруші тарабынан да, билік тарабынан да әзірге ешкім келмеді» деді. Оның айтуынша, 13 шілдеде тек Жаңаөзен әкімінің орынбасары келіп, шараның «заңсыз» екенін айтып, ескертіп кеткен.
Интернетте тараған видеолардың бірінде жұмысшылар президент Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басшысы Алик Айдарбаев, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов және өзге де шенеуніктерге үндеу жолдап, талаптарының орындалуына көмектесуін сұрайды.
Бұған дейін наразыларға «KMG-Security» компаниясының Жаңаөзендегі бөлім басшысы Алмас Темірәлиев келіп, күзетшілерге талаптарды хаттама түрінде жіберуді ұсынған. Жұмысшылар жалақы мәселесінің екі жылдан бері айтып келе жатқанын айтып, құрғақ уәдеден шаршағанын жеткізген.
«KMG-Security» ЖШС (бұрынғы «Semser Security»/»Семсер») компаниялар тобы күзет қызметін көрсетуші мекеме ретінде 2000 жылы құрылған. Оның Жаңаөзен қаласындағы филиалында 1200 адам жұмыс істейді.
Ал компанияда жалпы саны 7500-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Бұл мекеме 500-ден астам өндірістік және әкімшілік нысандарда күзет-режимдік, өрт сөндіру, апаттан құтқару және басқадай шараларды жүзеге асырады.
«KMG-Security» компаниялар тобының құрылтайшысы — «ҚазМұнайГаз»Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы.
newstaraz.kz