Жезқазғанда коммуналдық кәсіпорын жұмысшылары қайта наразылыққа шықты
Ұлытау облысының әкімшілік орталығы Жезқазған қаласында 9 наурызда «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорнының» шамамен 60 жұмысшысы бейбіт наразылық акциясына шықты.
Олар шамамен төрт сағат далада тұрып, жұмыс істеуден бас тартты. Наразылар қаржы мәселесін шешуді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. Жұмысшылар басшылықтың «құрғақ уәдесінен» шаршағанын айтады.
Наразылық акциясында полиция мен қала әкімдігінің өкілдері де болған. Олар жұмысшылардың бастамашыл тобы өкілдерін ғимаратқа кіріп, мәселені талқылауға шақырған. Бастамашыл топ өкілдері ішке кірсе де, ондаған адам көшеде қалған. Наразылар тек түстен кейін жұмысқа оралған. Дегенмен олар компанияның бас директорымен кездесуді күтетінін айтқан.
– Біз оларға ультиматум қоямыз: директор мен есепшіні жұмыстан босатып, біздің мәселемізді шешсін. Әйтпесе барлығымыз жұмыстан кетеміз. Бұл – бассыздық. Бізден зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыруға, медициналық сақтандыруға жарна ұстап қалады да, бірақ оны есепшотқа жібермейді. Кейінгі үш айда есепшотқа ақша түспеген. Соның кесірінен тіпті есепте тұрғандардың өзі ем ала алмай отыр. Бізде қант диабетімен ауыратындар бар, олар тіпті инсулин де ала алмайды. Мен де өзімнің диагнозым бойынша есепте тұрмын, бірақ қарапайым системаның өзін ала алмай жүрмін, – деді Азаттыққа кәсіпорын жұмысшыларының бірі. Ол қудалаудан қорқып, аты-жөнін атамауды өтінді.
Оның сөзінше, жұмысшыларға жалақы кешіктіріліп төленеді, ал несиені қайта қаржыландыру туралы өтініш берген кезде «зейнетақы жарналары түспегендіктен», жұмысшылардың өтініші мақұлданбайды. «Енді жұмысшылардың қалтасына қол сұға бастады. Сол себепті наразылыққа шықтық» деді ол.
Олар бұған дейін кәсіпорын басшылығы мен кәсіподаққа шағымданғанын, алайда одан түк шықпағанын айтты. Наразылар қаржы мәселесінен бөлек, еңбек қауіпсіздігі ережелері сақталмайтынын да алға тартты, жұмысшылар денсаулығын қауіпке тігіп жұмыс істеп жатыр деді.
«Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны» басқарма төрағасы Темірлан Өтегеновтің атына жазылған үндеуде бірнеше мәселе қамтылған:
- жалақының кешіктірілуі,
- әлеуметтік жарналардың уақытында түспеуі,
- сыйақыны төлеу және одан айыру мәселесі,
- кәсіпорын директоры, бас есепші және бөлім бастығымен келісімді бұзу.
Бейсенбі күні Азаттық тілшісі кәсіпорын директорына хабарласып көрді. Ол жұмысшылар наразылыққа шыққанын және олардың бірнеше талап айтқанын растады. Оның айтуынша, жиналған жұмысшылар тарап кеткен. Кәсіпорын басшысының сөзіне қарағанда, медициналық сақтандыру мен зейнетақы жарнасы бойынша компания жұмысшыларға 127 млн теңге қарыз.
– Проблема бар, оларды шешу керек. Олар жиналды. Олардың медициналық сақтандыру және зейнетақы қорлары бойынша мәселелері бар екен. Біз 2022 жылғы желтоқсаннан бері төлемей келеміз. Салық төлеген жоқпыз, себебі есепшотымызға тыйым салынған. Бұл мәселелерді айдың соңына дейін реттейміз деп ойлаймын, – деді Азаттыққа кәсіпорын директоры Ахметолла Мырзалиев.
Ол әкімдікпен, салық органдарымен сөйлескенін, олар мәселені «жедел шешуге» уәде бергенін айтты.
Ахметолла Мырзалиев жұмысшылардың директор мен есепшіні қызметтен кетіру туралы талабы жөнінде «оған негіз болуы керек» деді.
Аталған кәсіпорын «Қазақмыс» корпорациясына сенімді басқаруға берілген. Кәсіпорын табиғи монополия субъектісі деп есептеледі.
Бұған дейін жұмысшылар желтоқсан айында да наразылық акциясын өткізіп, жалақыны 100 пайыз арттыруды талап еткен еді. Ол кезде тараптар келісімге келе алған. Атап айтқанда, жұмысшылар 2023 жылғы ақпаннан бастап айлықты 85 мың теңгеге өсіруге қол жеткізген. Бұған қоса, 30 мың теңге көлемінде бірреттік сыйақыға, 13-жалақыға да қол жеткізген.
Кәсіпорында 686 адам жұмыс істейді деп айтылады. Кәсіпорын, негізінен, жылу энергиясын тарату мен үйлестіруге, ауызсумен және шаруашылық суымен қамтамасыз етуге жауапты.
Елдегі әлеуметтік жағдайды бақылаумен айналысатын мамандардың айтуынша, Қазақстанда ереуіл жұмысшылар үшін жалақы мәселесіне назар аудартудың негізгі амалына айналған. Ереуілге қатысушылар, негізінен, жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етеді. Былтыр желтоқсанда мәжіліс Еңбек кодексіне өзгерістер енгізіп, «еңбек дауларын шешуді жеңілдетуді» мақұлдаған. Түзетулерде өзге мәселелермен бірге келісім комиссияларының рөлі мен мәртебесін арттыру қарастырылған. Оған ақпанның ортасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.
newstaraz.kz