Прокурор журналист Махамбет Әбжанды 11 жылға соттауды сұрады
Астанада журналист Махамбет Әбжанға қатысты сот процесінде прокурор Қожахметова айыпталушыға 11 жыл түрме жазасын сұрады. Бұл туралы журналистің Telegram-дағы Abzhan News арнасы хабарлады.
Айыпталушының адвокаты Гүлнәр Сүлейменова сот жабық өтіп жатқанын алға тартып, түсінік беруден бас тартты.
Сот материалдарына қарағанда, Әбжанға «көрінеу жалған ақпарат тарату» (274-баптың 3-бөлігі) және «бопсалау» (194-баптың 4-бөлігі, 2-тармағы) баптары бойынша айып тағылған.
Процесс Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 6 қаңтарда басталған. Іске судья Айжан Құлбаева төрағалық етіп жатыр.
Сот үкімі 3 ақпанда сағат 17.00-де оқылады.
39 жастағы журналист әрі блогер Махамбет Әбжанды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі былтыр 3 шілдеде тұтқындаған. Агенттік «ол бір кәсіпкерден 50 миллион теңге бопсалады» деп хабарлаған. Әбжан адвокаты арқылы тағылған айыптарды жоққа шығарған.
Әбжан қамауға алынардан екі күн бұрын телеграм-арнасында өзін қаралайтын жалған ақпараттар таралып жатқанын жазған еді.
Ол кейінгі жазбаларының бірінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиен інісі Қаныш Ізбастиннің «ықтимал активтері» туралы жазба жариялаған. Мәселе криптовалюта өндіретін ферма жөнінде болып отыр.
- Бұған дейінгі сот процестерінде Әбжан сот істі объектив қарамай жатқанын алға тартып, судья Құлбаеваны ауыстыру туралы өтініш жасаған. Бұған істе жәбірленуші ретінде танылған тұлғадан жауап алу және ақшаның келу жолын тұтас зерттеу туралы өтініштің орындалмауы себеп болған. Алайда судьяны ауыстыру туралы өтініш орындалмады.
- Бұған қоса, алдын ала тыңдау кезінде айыпталушы мен адвокаты қысымға шағымданған. Ол кезде қарауыл бастығы айыпталушыға «рұқсат етілмеген әдістерді» қолданғаны және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері айыпталушының жұбайы мен туыстарына қоқан-лоқы көрсеткені жайлы шағым айтылған. Ізінше сот қаулы шығарып, прокуратураға оқиғаны тексеруді тапсырған.
- 2017 жылы Махамбет Әбжан «алаяқтық» бабы бойынша 3,5 жылға бас бостандығынан айырылған. 2019 жылы шартты жаза алып, мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.
- «Журналистерді қорғау комитеті» былтыр үкіметті сынап жүрген журналистің ұсталуына алаңдаушылық білдірген.